
ШҚО полицейі бастаған құрама Түркиядағы халықаралық турнирде жүлдегер атанды
Арқан тарту бойынша құрама команда 2026 жылдың 1–3 мамыры аралығында Түркияда өткен «2ND TURAN CUP OPEN» халықаралық турнирінде үшінші орынды иеленді.
Жарысқа әлемнің 12 елінен командалар қатысты. Атап айтқанда, Ресей, Қырғызстан, Қазақстан, Бангладеш, Ливан, Ирак, Әзербайжан, Судан, Түркия, Сирия және Ауғанстан мемлекеттерінен келген спортшылар бақ сынады. Жалпы жүлделі орындар үшін 16 команда тартысты.
Құрама команданың капитаны — Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Риддер қаласы полиция бөлімінің қызметкері, полиция майоры Дулат Есембаев болды. Оның жетекшілігімен команда жоғары физикалық дайындықты, ұйымшылдықты және командалық рухты көрсетіп, нәтижесінде үшінші орынды қанжығаларына байлады.
Дулат Есембаев бала кезінен спортпен белсенді айналысқан — күрес, грэпплинг, баскетбол секілді спорт түрлері мен арқан тартуға да қызығушылық танытқан. Алайда ол өмір жолын ішкі істер органдарындағы қызметпен байланыстыруды таңдаған. Соған қарамастан, спортқа деген тұрақты қызығушылығы мен мықты дайындығы оған халықаралық аренада жоғары нәтижеге жеткізді.
Айта кетейік, 2024 жылы өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кейін Қазақстанда арқан тарту спорты жаңа серпін алды. Бүгінде бұл спорт түрі құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында да кеңінен дамып, дене шынықтыруды нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етуде.
ШҚО ПД баспасөз қызметі