
Қауіпсіздік пен профилактика: Шығыс Қазақстанда «Жолда қабылдау» ауқымды акциясы өтті
ШҚО Полиция департаменті облыстық «ҚазАвтоЖол» филиалымен және Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп «Жолда қабылдау» профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Акция халықаралық және республикалық маңызы бар тасжолдарда өтті.
Іс-шара барысында жол қауіпсіздігі саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Мамандар ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізіп, 300-ден астам жүргізушіні қамтыды. Оларға жол жүрісі қағидаларын сақтау мен жылдамдық режимін бұзбаудың маңыздылығы туралы ақпараттық жадынамалар таратылды.
Сонымен қатар, мамандар 100-ден астам сұраққа жауап беріп, көлік және әкімшілік заңнама талаптарын жан-жақты түсіндірді.
Кәсіби тасымалдаушыларға ерекше назар аударылды: жүк пен жолаушылар тасымалдайтын облысаралық рейстерді орындайтын 20 жүргізушіге жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жеке кеңестер мен тәжірибелік ұсынымдар берілді.
Шараның басты мақсаты — жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру. Жолдағы қауіпсіздік тәртіптен басталады!
ШҚО ПД баспасөз қызметі