
ШҚО-да халыққа құқықтық көмек көрсету акциясы өтті
Өскемендегі Арбатта «AMANAT» партиясының бастамасымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында азаматтарды қабылдау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында өңір тұрғындары Полиция департаменті қызметкерлерінен, адвокаттардан, нотариустардан, медиаторлардан, сот орындаушыларынан, сондай-ақ «Қарызсыз қоғам» жобасының мамандарынан тегін заңгерлік және қаржылық кеңес алды.
Тәртіп сақшылары акцияға белсенді қатысты. Олар азаматтарға интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл шаралары туралы айтып, әкімшілік полиция басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік бағыттарына қатысты мәселелер бойынша кеңес берді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы ақпараттық жадынамалар таратты.
Мұндай іс-шаралар азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге, халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде шешуге және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы іс-қимылды нығайтуға септігін тигізеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі