
Зайсан ауданында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында мас жүргізуші ұсталды
Шығыс Қазақстан облысының аумағында сәуірдің 21-і мен 26-сы аралығында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның мақсаты — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру.
Апаттылықты азайту мақсатында іс-шараның екі күні ішінде полиция қызметкерлері 1200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Тәртіп сақшылары негізгі назарды азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өрескел заң бұзушылықтарға назар аударуда.
Мәселен, Зайсан ауданында патрульдік қызмет барысында «ВАЗ-2115» маркалы автокөлігі тоқтатылды. Көлік тізгініндегі 45 жастағы жүргізушінің масаң күйде екені белгілі болды. Куәландыру қорытындысы бойынша ер адамның орта дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны расталды. Тәртіп бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, көлік мамандандырылған тұраққа қойылды.
Жалпы, есепті кезеңде облыс бойынша 11 мас жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, қарама-қарсы бағытқа шығудың 6 фактісі анықталды. Ереже бұзғаны үшін 36 көлік құралы айып тұрағына қойылса, оның 5-еуі Зайсан ауданының аумағында ұсталған.
Шығыс Қазақстан тәртіп сақшылары барша азаматтарды жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Есіңізде болсын, жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады!
ШҚО ПД баспасөз қызметі