
Мұз айдынында — нағыз қайсарлар: ШҚО-да «ARLAN» СК қолдауымен ІІМ Министрінің кубогының турнирі салтанатты түрде ашылды
Өскемен қаласында ішкі істер органдары қызметкерлері арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған республикалық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Дүркіреген дода «ARLAN» спорт клубының аясында ұйымдастырылуда.
Өскемен мұзы осымен үшінші жыл қатарынан еліміздің түкпір-түкпірінен келген тәртіп сақшыларының басын қосып, ауқымды хоккей бәсекесінің орталығына айналды. Биыл да Шығыс Қазақстан қонақжайлылық танытып, қатысушылар мен жанкүйерлерді қуана қарсы алды.
Турнирдің басты жүлдесі сарапқа салынатын додаға алты команда қатысуда. Олар: Астана қаласы, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының құрамалары, ҚР ІІМ Күзет қызметін бақылау комитетінің командасы және турнир иелері — ШҚО Полиция департаментінің командасы.
Ашылу салтанаты ерекше қарқынмен өтті. Мұз айдынындағы аққудай тербелген жас мәнерлеп сырғанаушылардың өнері рухты патриоттық нөмірге ұласып, жиналғандарды тәнті етті. №35 орта мектептің «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілері де айрықша атмосфера сыйлап, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті.
Салтанатты шарада ШҚО Полиция департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция полковнигі Болат Нұрсейітов құттықтау сөз сөйледі:
«Хоккей — бұл батыл, тәртіпті және тәуекелге бел байлай алатын жандардың ойыны. Нағыз полицейдің бойынан да дәл осы қасиеттер табылуы тиіс: командада жұмыс істей білу, қас-қағым сәтте шешім қабылдау және кез келген жағдайда өзіне сенімді болу. Осы турнирге қатысудың өзі — үлкен жеңіс, себебі сіздер өз бөліністеріңіз бен аймақтарыңыздың намысын қорғап тұрсыздар».
Жанкүйерлердің зор қолдауы, ойыншылардың жауынгерлік рухы және жоғары деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстары турнирдің басталуын ұмытылмас оқиғаға айналдырды. Полиция қызметкерлері үшін бұл тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен бірге бірлік пен қызметтік борышқа адалдықтың нышаны.
Алдыда — үш күндік тартысты бәсеке, қызықты матчтар мен жарқын жеңістер күтіп тұр. Министр кубогы жолындағы бұл дода нағыз мықтылар белдесетін тартысты күрес болмақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі