
100 келіге жуық марихуана: ШҚО-да ірі есірткі қоймасы жойылды
Өскемен қаласында ірі көлемдегі есірткі заттарын сақтауға байланысты заңсыз әрекеттің жолы кесілді. Операция облыс прокуратурасының үйлестіруімен жедел профилактикалық іс-шаралар аясында жүргізілді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 27 жастағы қала тұрғыны анықталды.
Жүргізілген тінту барысында оның гаражынан нағыз қойма табылды: ішінде өсімдік тектес зат салынған екі қорап, көлемі 120 литр болатын жартылай толтырылған алты пластик бөшке, сондай-ақ қабатталған қалдықтары бар үш бөшке және әрі қарай буып-түюге арналған материалдар тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 93 келіден асатын аса ірі мөлшердегі «кептірілген марихуана» болып шықты.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымы — сақтауынан бастап өткізуіне дейін — мүлкі тәркілене отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғатынын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі