Қауіпсіздік формуласы: Шығыс Қазақстан полициясының сервистік бағыттағы алғашқы нәтижелері

Қауіпсіздік формуласы: Шығыс Қазақстан полициясының сервистік бағыттағы алғашқы нәтижелері

Қауіпсіздік формуласы: Шығыс Қазақстан полициясының сервистік бағыттағы алғашқы нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында 13 профилактикалық кабинет ашылды. Бұл алаңдар қызметтің сервистік үлгісіне көшудің нақты нәтижесіне айналды: енді полиция, медицина және әлеуметтік қызметтердің күші халыққа кешенді көмек көрсету үшін біріктірілді.

Жұмыстың басты бағдары — тек күш қолдану әдістерінен жүйелі алдын алу шараларына көшу. Бұл тәсіл құқық бұзушылықтың салдарымен күресіп қана қоймай, оның туындау себептерін жоюға мүмкіндік береді.

Алғашқы қорытындылар азаматтар тарапынан мұндай форматқа деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Өңір тұрғындары бұл кабинеттерге тек құқықтық кеңес алу үшін емес, сонымен қатар отбасылық жанжалдар, тәуелділік пен интернет-алаяқтықтан қорғану сияқты өзекті әлеуметтік мәселелермен де жүгінуде. Тіпті, қиын өмірлік жағдайға тап болған көптеген азаматтар өз бастамасымен психологиялық қолдау іздеп келеді.

Жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша құрылған. Мұнда учаскелік инспекторлар мен ювеналды полиция қызметкерлері арнайы мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қысқа мерзім ішінде психологтардың қатысуымен — 48, наркологтармен — 46 және әлеуметтік қызметкерлермен — 31 іс-шара өткізілді.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде: педагогтармен бірлесіп, қақтығыстарды ерте анықтауға бағытталған 51 кездесу ұйымдастырылды.

Тәуекел тобындағы тұлғалармен жұмыс істеу және азаматтардың тұрмыстық саладағы заңды мүдделерін қорғау басты басымдық болып қала береді. Бүгінгі таңда мамандардың бақылауында 67 адам болса, 29 тұлға әкімшілік қадағалауға алынған.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласында 56 қорғау нұсқамасы шығарылып, 47 азаматтың мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді.

«Бұл бағыттағы жұмыс жақында ғана басталғанына қарамастан, біз халық тарапынан сенімнің артқанын байқап отырмыз. Әрбір өтініш барлық мүдделі органдарды тарта отырып, кешенді түрде қаралады. Бұл тек құқық бұзушылық дерегін тіркеп қана қоймай, азаматтардың мәселелерін тиімді шешуге және алдағы уақытта орын алуы мүмкін қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті ШҚО ПД Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы полиция полковнигі Жандос Кошкинчинов.

Бүгінде профилактикалық кабинеттер өз тиімділігін іс жүзінде дәлелдеуде. Тұрғындардың оң пікірлері аймақ қауіпсіздігі полицияның ашықтығынан және мұқтаж жандарға дер кезінде қол ұшын созуға дайындығынан басталатынын айғақтайды.

 


ШҚО ПД баспасөз қызметі