
ШҚО Полиция департаментінде мемлекеттік награда иегерлеріне құрмет көрсетілді
Өскемен қалалық Полиция басқармасының Үлбі полиция бөлімінде ерлік пен шығармашылық жолды адалдықпен ұштастырған салтанатты жиын өтті. Департамент бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков Президенттің атынан мемлекеттік наградаларға ие болып, оларды жақында Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің қолынан алған қызметкерлерді құттықтады.
Кездесуде жоғары деңгейдегі «Құрмет» орденімен марапатталған полиция капитаны Әсел Тукушеваға ерекше назар аударылды. Оның оқиғасы — қырағылық пен жедел әрекеттің адам өмірін сақтап қалудағы маңызын айқын көрсетеді. «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде Әсел саяжай аумағын аралап жүріп, үйлердің бірінен улы газдың иісін сезеді. Ана мен бес баланың өміріне төнген қауіпті бірден аңғарған капитан, шұғыл түрде эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастырды. Оның батыл әрекетінің арқасында балалар аман қалып, ақауы бар пештен келуі мүмкін қайғылы жағдайдың алды алынды.
Сондай-ақ, Департаменттің «рухани тірегіне» айналған полиция хорының көркемдік жетекшісі Лейля Солтанова да лайықты марапатқа ие болды. Мәдениет саласына қосқан көпжылдық үлесі үшін ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Лейля Қаблашқызы 15 жыл бойы түрлі бөлім қызметкерлерінің басын шығармашылық айдынында біріктіріп келеді. Оның жетекшілігімен хор өңірдің бетке ұстар ұжымына айналып, полиция қатарында нағыз өнерпаз әрі рухы мықты жандар қызмет ететінін дәлелдеді.
Салтанатты шарада облыстық полицияның басшысы былай деп атап өтті:
«Бүгін біз қызметіміздің ең ізгі қасиеттерін бойына сіңірген нәзік жандыларды ұлықтап отырмыз. Капитан Тукушева бес баланы ажалдан арашалап, жанқиярлық танытса, Лейля Қаблашқызы он бес жылдан бері имиджімізді нығайтып, жасампаздықпен еңбек етіп келеді. Сіздердің мемлекеттік наградаларыңыз — бүкіл Шығыс Қазақстан полициясының мақтанышы».
Шара соңында полиция хоры мен жеке орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылып, ұжым арасындағы бірлік пен мерекелік көңіл-күйді айқындай түсті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі