
Тікелей эфирден уақытша ұстау изоляторына дейін: ШҚО-да TikTok-та ұлтаралық араздықты қоздыру фактісінің жолы кесілді
Өскеменде полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдемелер таратқан азаматтың заңсыз әрекетін тоқтатты.
Полицияға жергілікті тұрғын арызданып, тікелей эфир кезінде ұлттық негізде балағат сөздер айтып, қорлайтын пікірлер білдірген TikTok пайдаланушысына қатысты шара қолдануды сұраған.
Тергеу барысында 35 жастағы ер адамның бірнеше аккаунт арқылы трансляция жүргізгені және кейіннен олардың бірі жойылғаны анықталды. Тікелей эфирлер басқа пайдаланушылардың қатысуымен «батл» форматында өткен. Сөйлесу кезінде ол, болжам бойынша масаң күйде түрлі этнос өкілдеріне дөрекі сөздер айтып, қорлайтын және намысқа тиетін мәлімдемелер жасаған.
Бейнематериалдар бойынша психологиялық-филологиялық талдау жүргізіліп, ұлтаралық араздықты қоздыру белгілері бар екені расталды.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті қорлайтын және арандатушылық сипаттағы материалдарды тарату, соның ішінде Интернет желісінде, заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Ақпараттық кеңістік — жазасыз қалатын аймақ емес.
ШҚО ПД баспасөз қызметі