
250 студент және ШҚО полициясы: Өскеменде «MEET UP» форматында есірткі қылмысына қарсы күрестің жаңа стратегиясы әзірленді
Өскеменде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің базасында 250 белсенді студент пен өңірдегі құқық қорғау органдары басшыларының басын қосқан ауқымды стратегиялық сессия өтті. Бұл іс-шара қоғамда есірткі қаупіне қарсы берік иммунитет қалыптастыруға бағытталған «Esirtkisiz Qazaqstan» жобасын жүзеге асырудың маңызды кезеңі болды.
Талқылауға ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Балтабеков Талғат «Esbol qory » қорының басшысы Жандос Ақтаев, сондай-ақ облыстық прокуратура мен Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері қатысты.
«MEET UP» форматы қатысушыларға қасаң баяндамалардан бас тартып, тікелей ашық диалогқа көшуге мүмкіндік берді. Полицейлер мен студенттер нақты іс-қимыл тетіктерін талқылады: тыйым салынған контенті бар Telegram-каналдарды анықтау және бұғаттаудан бастап, есірткі граффитилерін жою бойынша бірлескен рейдтер жүргізуге дейін назарға алынды.
Сондай-ақ жастар арасында сыни ойлауды дамыту мен саналы таңдау жасауға негізделген, халықаралық стандарттар бойынша алдын алудың озық әдістемелерін енгізуге ерекше көңіл бөлінді.
Сессия барысында университеттің 250 студенті жай ғана тыңдаушы емес, кездесудің толыққанды серіктесі ретінде бой көрсетті. Кездесу нәтижесінде еріктілер штабтары мен полицияның жұмыс жоспарлары өзара үйлестірілді. Енді университеттің жастар белсенділері өңірде есірткі бизнесінің кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» мәдениетін қалыптастыра отырып, қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің сенімді буынына айналмақ.
ШҚО ПД баспасөз қызметі