
ШҚО полициясы үш айдағы жедел-қызметтік жұмысты қорытындылады
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде өңірдің бас полицейі Ерлан Омарбековтың төрағалығымен жедел кеңес өтті. Жиында 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Кеңес Қазақстан Республикасы ІІМ алқасының шешімдерін талдаудан басталды. Департамент бастығы басшылық құрамға Ішкі істер министрінің сын-ескертпелері мен талаптарын жеткізіп, өңірдің барлық жұмыс бағыттары бойынша көрсеткіштеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі қылмысына және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл, көші-қон қызметі, сондай-ақ тергеу және анықтау бағыттары бойынша мәселелерге ерекше назар аударылды.
Жиын барысында департамент бастығының орынбасарлары мен аумақтық бөлініс басшыларының құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары туралы есептері тыңдалды.
2026 жыл өскелең ұрпақты қорғау жылы деп жариялануына байланысты, полиция генерал-майоры Е. Омарбеков жеке құрамға оқу жылының аяқталу кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
«Жазғы маусым — демалыс пен мектеп бітіру емтихандарының уақыты. «Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы аясында біз оқу орындарына бақылауды күшейтуге, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша мектеп директорларымен және түлектердің ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндеттіміз.
Жолдардағы жағдайға ерекше ден қойылады. Мопедтерді, мотоциклдерді және электрлі самокаттарды пайдалануды бақылауға алуды талап етемін.
Сонымен қатар, туристік маусымның ашылуымен Алтай, Катонқарағай, Марқакөл, Самар және Күршім аудандарында демалушылардың, оның ішінде шетелдік азаматтардың көптеп келуі күтілуде. Біздің міндетіміз — туристік бағыттарда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету», — деп атап өтті облыстық полиция басшысы.
Бөлімшелердегі моральдық-психологиялық ахуал мәселесі бөлек талқыланды. Шығыс Қазақстан полициясының басшысы қызметтік тәртіп пен этиканы мүлтіксіз сақтау қажеттігін нұсқады. Басшыларға жеке құрам арасында заңдылықты бұзу фактілерін болдырмай, бақылауды күшейту тапсырылды.
Қорытындылай келе, ШҚО полициясының алдында азаматтардың сенімін нығайту және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері тұрғаны атап өтілді. Барлық айтылған тапсырмалардың орындалуы департамент басшылығының ерекше бақылауына алынды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі