
Полицейлердің қырағылығы: ШҚО-да далада жалғыз қалған екі жасар бала құтқарылды
Тарбағатай ауданында тәртіп сақшылары көшеде үлкендердің қарауынсыз жүрген бүлдіршінді байқап, аман-есен үйіне қайтарды.
2026 жылғы 14 сәуір күні сағат 11:00 шамасында Ақжар ауылында учаскелік полиция инспекторы Диас Жумадилов пен патрульдік полиция полиция инспекторы Нұрасыл Қабылқақов далада жалғыз жүрген екі жасар баланы байқаған. Күннің салқындығына қарамастан, кішкентай бүлдіршін үстінде жеңіл футболкасымен, шалбарынсыз памперспен аяқ киімсіз, жалаң аяқ жүрген. Бала табылған жердің дәл қасында ашық әжетхананың болуы жағдайды одан сайын қауіпті ете түскен.
Тәртіп сақшылары баланы бірден көлікке отырғызып, жылытып, ата-анасын іздеуге кіріскен. Олар мессенджерлер арқылы хабарлама таратып, маңайдағы үйлерді түгел аралап шыққан.
Көп ұзамай бір сағат ішінде ұлын іздеп жүрген баланың әкесі де табылды. Белгілі болғандай, үйдегілер байқамай қалған сәтте бала есіктен шығып кеткен екен.
Полицейлердің дер кезінде көмекке келуінің арқасында бала аман-есен әкесіне табысталды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ата-аналардан балаларға абай болып, оларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Ал бұл оқиға болса полиция қызметкерлерінің кез келген уақытта көмекке дайын екендігінің кезекті дәлелі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі