
ШҚО-да ата-ана полицейлерге көмектескені үшін алғыс білдірді
ШҚО Полиция департаментінің ресми парақшасының direct-іне сәбидің ата-анасынан ШҚО ПД ППБ қызметкерлеріне алғыс білдірілген хат келіп түсті.
Олардың айтуынша, 1 жас 4 айлық баланың жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы көтеріліп, қатты жөтел мен тұншығу белгілері пайда болған. Бұл жағдайда Серебрянск қаласынан Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығына шұғыл түрде жеткізу қажет болған. Мұндай сәтте әрбір минут қымбат еді, ал сәл кідірсе жағдай мүлдем басқаша болуы әбден мүмкін еді.
Жедел жәрдем бригадасының бос болмауына байланысты ата-аналар облыс орталығына өз көліктерімен шығуға мәжбүр болған.
112 борт экипажының патрульдік полицейлері — капитан Талғат Сәрсенбаев және аға лейтенант Бағлан Батырбек — жедел әрекет етіп, көлікке кедергісіз жол ашып, бала бар автокөлікті медициналық мекемеге дейін алып барды.
Баланың ата-анасы полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ауруханаға дер кезінде жетіп, қажетті медициналық көмек алғандарын атап өтіп, кәсібилігі мен қиын сәттегі қолдауы үшін шынайы алғыстарын білдірді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі