ШҚО-да 1400-ден астам аула араланды: «Мал ұрлығына жол жоқ» профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

ШҚО-да 1400-ден астам аула араланды: «Мал ұрлығына жол жоқ» профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

ШҚО-да 1400-ден астам аула араланды: «Мал ұрлығына жол жоқ» профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды

Шығыс Қазақстан облысында мал ұрлығының алдын алуға және ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау саласында тиісті тәртіп орнатуға бағытталған республикалық жедел профилактикалық іс-шара аяқталды.

5-10 сәуір аралығында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар, ветеринариялық қызмет өкілдері және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді жұмыстар жүргізді. Мұндай ведомствоаралық тәсіл жайылымдар мен ет өнімдері сатылатын орындарды толық бақылауға алуға және мал иелері арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында 1 476 аула араланып, меншік иелеріне малдың сақталуын қамтамасыз ету шаралары егжей-тегжейлі түсіндірілді. Сонымен қатар, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 150-дей кездесу ұйымдастырылды.

Мал ұрлығының негізгі себептерінің бірі - қараусыз жайылым мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Нәтижесінде 100-ден астам қаңғыбас мал арнайы айып тұрақтарына қамалды.
Ұйымдасқан жайылым жүйесін дамыту мақсатында әкімдіктер, бақташылар мен мал иелері арасында 10 үшжақты келісімшарт жасалды.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті сәйкестендіруден өткізбеудің 6 дерегі анықталып, жинақталған материалдар тиісті шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жолданды.

Полиция департаменті ауылдық жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мал иелерінің жануарларды ұстау мен есепке алу ережелеріне жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін, бұл мүлік амандығы мен қоғамдық тәртіптің басты кепілі екенін ескертеді.


ШҚО ПД баспасөз қызметі