
Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, ар — намыс пен парызына адал болған - Құрмат Рахимұлы Рахимовтың қайтыс болғаны туралы қатты қайғыра отырып, хабарлаймыз.
Құрмат Рахимұлы Қызылтас ауылында туып-өскен. 1942 жылы педагогикалық колледждегі оқуын қалдырып, 18 жасқа толар-толмаста әскер қатарына шақырылған. Ол ішкі әскер қатарында оқудан өтіп, әскери борышын абыроймен атқарған.
1944 жылдан бастап ол Багратион операциясы аясында қызу шайқастарға қатысқан. Оның жауынгерлік жолы Беларуссия, Литва және Шығыс Пруссия арқылы Кенигсбергке дейін жеткен. Ол ең ауыр шайқастарда, оның ішінде Шяуляй үшін шайқаста және Клайпеда шабуылында табандылық пен қайсарлық танытқан.
Құрмат Рахимұлы барлау операциясында ерекше ерлік көрсетіп, оған қолбасшылық жасаған және жаудың шабуылын тойтарып, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындаған. Осы батылдығы үшін ол "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Ұлы Жеңістен кейін ол Отанына қызмет етуді жалғастырды, әскери училищені бітірді және көптеген жылдар бойы мемлекеттік шекараларды қорғады. Кейін ол Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер органдарында жауапты лауазымдар атқарып, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.
Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де Құрмат Рахимұлы белсенді және қоғамға бей-жай қарамайтын абзал азамат болып қалды. Ол тынымсыз еңбек етіп, кітап жазды, жастармен кездесті, өзінің бай өмірлік тәжірибесімен бөлісті, қоғамдық өмірге белсенді қатысты, ішкі істер органдарының ғана емес, бүкіл облыстың дамуына үлес қосты.
Құрмат Рахимұлы II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Кенигсбергті алғаны үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Жауынгерлік еңбегі үшін" медальдарымен марапатталды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерді "Құрмет" орденімен марапаттады. Ол Астана қаласында өткен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған шеруге қатысты.
Құрмат Рахимов аймақтағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің соңғы өкілдерінің бірі және оның өмірден озуы — біз үшін орны толмас өкініш.
Біздің ақсақал Батыр және Отанына қызмет еткен ерекше тұлға болған.
Марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Құрмат Рахимұлы туралы жарқын естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Құрмат Рахимұлымен қоштасу 11 сәуірде (сенбіде) сағат 10:00-де өтеді. Марқұм - Буров көшесі, 8/5 мекенжайындағы өз үйінен шығарылады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі