
ШҚО полицейлері 4жасар бүлдіршінді ауруханаға жедел жеткізді
Өткен түнде ШҚО ПД патрульдік полиция қызметкерлері шұғыл медициналық жәрдем қажет болған баланы құтқаруға атсалысты.
Оқиға Бұқтырма су қоймасының жағалауында орын алды. Онда қызметте болған ШҚО ПД патрульддік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Ринат Қостубаевқа бір әйел көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, 4 жасар қызының денсаулығына қауіп төніп, жағдайы шұғыл емдеуді талап еткен.
Уақыт жоғалтпай әрекет еткен капитан Қостубаев дереу жақын маңдағы экипаждардың жұмысын үйлестірген. Көп ұзамай көмекке облыстық батальон инспекторлары — полиция аға лейтенанттары Данияр Нұрсалинов пен Мадияр Ержанов жеткен.
Тәртіп сақшылары анасы мен баланы патрульдік автокөлікке отырғызып, жолға шыққан.
Полицейлер арнайы дыбыстық және жарық сигналдарын қосып, баланы Ана мен бала орталығына қысқа уақыт ішінде жеткізді. Көлік кептелісіне қарамастан, тәртіп сақшыларының нақты іс-қимылының арқасында бүлдіршін дәрігерлерге дер кезінде тапсырылды.
Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің кез келген уақытта халыққа көмекке келуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі