
ШҚО-да көші-қон тексерістері жалғасуда: құрылыс нысанында 28 заңсыз жұмысшы анықталды
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері көші-қон саласында тәртіп орнату жұмыстарын жалғастыруда. Мұндай рейдтердің басты мақсаты — құқықбұзушылықтардың алдын алу және қонақтарға елде болу ережелерін еске салу.
Көші-қон қызметі шетел азаматтары көбіне жұмыс іздейтін орындар - базарларды, кәсіпорындарды және құрылыс алаңдарын тұрақты түрде тексеруде.
Сондай бір тексеру кезінде құрылыс нысандарының бірінде 28 адамның заңсыз еңбек еткені анықталды. Олардың жұмыс істеуге қажетті рұқсат құжаттары болмаған. Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтың жолын кесіп, әрбір шетел азаматымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттарды дұрыс рәсімдеу тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Мұндай іс-шаралар бір реттік емес. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл — әрбір азамат заңды құрметтеуін қамтамасыз етіп, аймақтағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау үшін қажет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі