
ШҚО полицейлері инсульт алған азаматты шұғыл ауруханаға жеткізді
Шығыс Қазақстан облысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол үстінде денсаулығы күрт нашарлап, инсульт белгілері байқалған ер адамға жедел көмек көрсетті.
«Өскемен – Риддер» тас жолының 90-шы шақырымында қызмет атқару кезінде патрульдік полиция батальонының экипажы — полиция аға лейтенанттары Олегұлы Азамат пен Шаяхметов Әлішер— жол жиегіне тоқтаған автокөлікті байқаған. Көлік жүргізушісі салонда 1988 жылы туған азаматтың жағдайы нашарлап, инсульт белгілері бар деп полицейлерден көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары науқасты дереу қалаға дейін ертіп бару туралы шешім қабылдаған. Алайда, жол жүру барысында науқас отырған көлік бұзылып, істен шығып қалған.
Полицейлер бұл туралы ақпаратты дереу жақын маңдағы келесі нарядқа — құрамында полиция аға лейтенанттары Асылбек Базылбеков пен Әлішер Ачилов бар ПА-466 экипажына хабарлайды.
Оқиға орнына жеткен екінші экипаж науқасты қызметтік автокөлікке отырғызып, барынша жылдам әрі қауіпсіз жол жүруді қамтамасыз ете отырып, медициналық мекемеге жеткізуді жалғастырады.
Екі экипаждың үйлесімді іс-қимылының арқасында азамат Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханаға уақытылы жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен нақты іс-әрекеті төтенше жағдайда әрбір минуттың маңызды екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
ШҚО Полиция департаменті жолда штаттан тыс жағдайлар орын алғанда дереу жақын маңдағы полиция экипажына немесе 102 телефонына хабарлау керектігі туралы еске салады.
Сіздің қауіпсіздігіңіз — біздің басты міндет.
ШҚО ПД баспасөз қызметі