ШҚО ПД-да жас қызметкерлер үшін Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Ерлік сабағы» өтті

ШҚО ПД-да жас қызметкерлер үшін Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Ерлік сабағы» өтті

ШҚО ПД-да жас қызметкерлер үшін Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған «Ерлік сабағы» өтті

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың туған күніне орайластырылған «Ерлік сабағы» ұйымдастырылды. Жеке құраммен жұмыс басқармасының бастамасымен өткен бұл іс-шара ПД мұражайында өтіп, оған қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар қатысты.

Мұражай меңгерушісі Бақытгүл Төбиқызы тақырыптық кездесу барысында батырдың өмір жолы мен қызметтік белестері туралы баяндады. Қатысушыларға Ғазиз Байтасовтың кәсіби салаға алғаш қадам басқан кезінен бастап, 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиғаға дейінгі өмірбаяны таныстырылды. Мазмұнды дәріс слайд-презентациямен және мұрағаттық материалдармен толықтырылды.

Кездесуде офицердің ерен ерлігіне ерекше тоқталып өтті. Лаңкестің өзін-өзі жару қаупі туындаған сын сағатта полиция капитаны Ғазиз Байтасов еш ойланбастан, өз өмірін қию арқылы үлкен қасіреттің алдын алып, бейбіт тұрғындарды құтқарып қалды. Оның бұл қадамы — ерліктің, антқа адалдықтың және кәсіби парыздың айқын үлгісі.

Шара барысында жас қызметкерлерге ішкі істер органдарындағы қызметтің темірдей тәртіпті, жауапкершілікті және азаматтарды қорғауға әрдайым дайын болуды талап ететіні ескертілді.

Бұл «Ерлік сабағы» жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызды қадам болып табылады. Ғазиз Байтасовтың есімі — батылдық пен намыстың, Отанға деген адалдықтың символы ретінде ел есінде мәңгі сақталады.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі