Қар үстіндегі іздер арқылы: ШҚО полицейлері мал ұрлығы фактісін ашты

Қар үстіндегі іздер арқылы: ШҚО полицейлері мал ұрлығы фактісін ашты

Қар үстіндегі іздер арқылы: ШҚО полицейлері мал ұрлығы фактісін ашты

Шығыс Қазақстан облысының Үлкен Нарын ауданында полицейлер түнгі уақытта жасалған мал ұрлығы фактісін ашты.

Анықталғандай, наурыз айының басында екі таныс алдын ала мал ұрлауды жоспарлап, аудан аумағындағы шаруашылықтардың біріне барған. Қарлы жермен жүру үшін күдіктілер ат пен шананы пайдаланып, ұрланған малды байқатпай алып кетуді көздеген.

Түн жамылған уақытта олар бес бас ұсақ малды ұрлап кеткен. Қылмыстың ізін жасыру үшін малды көрші елді мекенге апарып, заңсыз екенін біле тұра танысының қорасына жасырған. Келтірілген шығын көлемі 400 мың теңгеден асты.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктілердің жүріп өткен бағытын анықтап, ұрланған малды тірі күйінде тапты.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұрланған мал заңды иесіне қайтарылды.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті шаруашылық иелеріне мүлікті қорғау шараларын күшейтуді және күмәнді жағдайлар анықталған жағдайда дер кезінде полицияға хабарласуды ескертеді.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі