
ШҚО-да «Қауіпсіз үй» жергілікті рейдтік іс-шарасы қорытындыланды
Шығыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауымен 26-29 наурыз аралығында өткен «Қауіпсіз үй» республикалық жергілікті рейдтік іс-шарасы аяқталды.
Оның негізгі мақсаты — отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау.
Бұл шараға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес секторлардың өкілдері жұмылдырылды. Бірнеше күн бойы рейдтер, үйлерді аралау және тұрғындармен профилактикалық әңгімелесу жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында есепте тұрған 750-ден астам тұлға тексеріліп, анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Жалпы алғанда, 420 әкімшілік құқық бұзушылық, соның ішінде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, тыныштықты және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері анықталды.
Өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларға ерекше көмек көрсетіліп, 19 бала тәрбиеленіп жатқан 9 отбасы анықталды. Оларға құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп, уәкілетті органдарға тиісті хабарламалар жолданды.
«Қауіпсіз үй» іс-шарасы тек заң бұзушылықтарды анықтауды ғана емес, сонымен қатар мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуді көздейді және мұндай жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі