
ШҚО полицейлері шетелдік велосаяхатшыға жолын жалғастыруға көмектесті
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері бағыт бойында қиын жағдайға тап болған шетелдік туристке көмек көрсетті.
Марокко азаматы Адиль Бумлик аймақ арқылы велосипедпен сапар шегіп, Өскеменнен Самар ауданына жеткен. Алайда «Үміш» асуында велосипеді бұзылып қалған.
Саяхатшыға бірінші болып полиция қызметкерлері көмекке келген. Олар жағдайды бағамдап, туристің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, велосипедті жөндеу жұмыстарын ұйымдастырып, оны қалпына келтіруге жеке көмектерін көрсеткен.
Тәртіп сақшыларының жедел әрекетінің арқасында келесі күні-ақ турист сапарын жалғастыра алды.
Қазіргі уақытта Адиль Бумлик Катонқарағай және Алтай аудандарына қарай бет алды. Оның Қазақстандағы саяхаты шамамен бір айға созылады деп жоспарлануда.
ШҚО ПД баспасөз қызметі