
Бүгінгі күннің суреті
Таңертеңнен бері Өскемен мереке құшағында.
Орталық алаң музыкаға, күлкі мен қуанышты думанға толы — мыңдаған қала тұрғыны үлкен мерекені бірге атап өту үшін осында жиналды.
Бірақ осындай жарқын сәттердің өзінде адамды бір сәтке ойландыратын жағдайлар болып жатады.
Бүгін объективке өте тебірентерлік көрініс ілікті: көпшіліктің арасында адасып қалған кішкентай қыз полиция қызметкерінің құшағында ұйықтап қалды. Қолына сүйікті ойыншығын мықтап ұстап алған, бейне бір бұл алып әлемдегі жалғыз тірегі іспеттес. Тәртіп сақшысы әріптестері ата-анасын іздеп жатқанда, бүлдіршіннің ұйқысын күзетіп, тапжылмай тұрды.
Бағымызға орай, бір жарым сағаттан кейін қыз бала туыстарына аман-есен табысталды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ата-аналарға балаларының қолынан мықтап ұстауды, оларды алысқа жібермеуді және бір сәтке де назардан тыс қалдырмауды ескертеді. Мерекелік қарбаласта баланың жоғалуы үшін қас қағым сәт те жеткілікті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі