
ШҚО Полициясы «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасын қорытындылады
Облыс аумағында «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы аяқталды. Шара барысында полицейлер шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тараптардың көші-қон заңнамасын сақтауын тексерді.
Операция кезеңінде тұрғылықты жері бойынша 1000-нан астам шетел азаматы тексерілді. Рейдтер қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 100-ден астам адам жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған 20 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды. Заңды қайталап бұзу дерегі де тіркеліп, бір күннің ішінде бірден үш шетелдік елден шығарылды.
Іс-шара барысында жұмыс берушілерге ерекше назар аударылды. Полицейлер шетелдіктерді жұмысқа тарту қағидаларын жүйелі түрде бұзған қалалық ЖШС қызметінің жолын кесті. Компания бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, алайда тиісті қорытынды шығармаған.
Құқықбұзушылықтың қайталануына байланысты кәсіпорынға қатысты «Қазақстан Республикасында шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану қағидаларын бірнеше рет бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасуда.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау тұрақты негізде жүргізілетінін еске салады.
Шетелдік азаматтарға елде белгіленген болу мерзімдерін қатаң сақтау, ал жұмыс берушілерге рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу тәртібін сақтау қажет. Көші-қон заңнамасын бұзу заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі