
400 жасөспірім және бір шынайы әңгіме: ШҚО-да «9_16» фильмінің тұсаукесері өтті
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қолдауымен жасөспірімдер ортасындағы өзекті мәселелерді қозғайтын «9_16» фильмінің тұсаукесері өтті.
Бүгін «Юбилейный» кинотеатрында өткен «9_16» қысқаметражды фильмінің премьерасына 400-ден астам оқушы, ата-аналар мен қонақтар жиналды.
Фильм жасөспірімдердің шынайы мәселелерін — өзара қарым-қатынасты, қоршаған ортаның әсерін және жеке таңдау туралы көрсетеді. Қауіпсіз балалық шақтың негізі ретіндегі «Заң мен Тәртіп» қағидаттары туындының басты назарында.
Көрсетілім алдында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда қатысушылар полиция автокөліктерін, криминалистика элементтерін, киберполиция экспонаттарын, есірткі заттарының үлгілері мен арнайы қару-жарақтарды тамашалады. Балалар мен ата-аналар құқық қорғау органдарының жұмысымен жақыннан танысуға мүмкіндік алды.
ШҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Манапов Серік Тоқтарқанұлы құттықтау сөз сөйледі:
«Қымбатты балалар мен құрметті ата-аналар! Бүгінгі «9_16» фильмі жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесін көтереді. Ол бір-біріне қамқор болуға, шынайы достықты бағалауға және жақсылыққа ұмтылуға үйретеді. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз — біздің басты міндетіміз, бұл хикая сіздерге пайдалы әрі маңызды сабақ болады деп сенемін».
Қазақстан Республикасы Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «SAMGA» даму орталығының жетекшісі Әлия Көңілханның қатысуы фильмге ерекше сән берді: оның балалары туындының кейіпкерлері атанды, ал Әлия ханымның өзі түсірілімге қатысып, фильмнің жарыққа шығуына қолдау көрсетті. Бұл тарихқа шынайылық пен жанды атмосфера сыйлады.
Іс-шара соңында ата-аналар премьераға қатысу мүмкіндігі үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтып, фильмнің өзектілігі мен өскелең ұрпақ үшін маңызды тәрбиелік мәнін жоғары бағалады.
Шара «Заң мен Тәртіп — қауіпсіз балалық шақ кепілі» идеологиясы аясында өтіп, полиция мен қоғам арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
«9_16» фильмі — бұл жай ғана оқиға емес, маңызды таңдау туралы ойлануға тамаша себеп.
ШҚО ПД баспасөз қызметі