
Ұрпақтар үні: 102 жастағы ардагер Құрмат Рахимов дауыс беруге қатысты
Кейде бір ғана дауыстың салмағы ерекше болады. Оның артында өткен жылдар шежіресі, қиындығы мен жеңісі мол тағдыр және Отанға деген шексіз адалдық тұр.
Бүгін Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Құрмат Рахимов үй жағдайында дауыс берді. Ақсақал биыл 102 жасқа толды. Оның еңселі ғұмыры — қажырлы еңбекке, елге қызмет етуге және тарихтың күрделі белестеріне толы нағыз өмір мектебі.
Жасының егделігіне қарамастан, ардагер ел ісінен шет қалмай, мемлекет болашағы үшін өз таңдауын жасады.Жақындарының айтуынша, ол маңызды саяси науқандардың ешбірінен қалыс қалмаған — бүгін де сол дәстүрінен жаңылмай, өз дауысын берді.
Салтанатты сәтте қарияның қасында көшпелі дауыс беру үдерісін сүйемелдеген полиция қызметкерлері болды. Сондай-ақ ардагердің шаңырағына Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Үдербаев Нұрлыбек Ғалиұлы арнайы барып, ақсақалға құрмет көрсетіп, ізгі тілегін білдірді.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен жанның мұндай белсенді азаматтық ұстанымы — жай ғана дауыс беру емес. Бұл — өскелең ұрпақ үшін өнеге, ел тағдыры әрбір адамның шешімінен құралатынын ұғындыратын асыл үлгі.
Бұл дауыста — тек бүгінгі күннің таңдауы емес, ертеңгі күнге деген нық сенім мен ақ бата бар.
ШҚО ПД баспасөз қызметі