
ШҚО-да заңсыз еңбек қызметі үшін 18 шетелдік анықталды
«Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері уақытша және тұрақты тұратын шетелдік азаматтарды тіркеу мекенжайларына, сондай-ақ қабылдаушы тұлғалардың шетелдіктердің келуі туралы хабарламаларының болуына тексеру жүргізуде.
Өскеменде ЖПІШ өткізген бір күн ішінде ғана Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 18 шетелдік азамат анықталды.
10 наурыз күні мекенжайлардың бірін тексеру кезінде полиция қызметкерлері уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген және уақытша тұруға рұқсаты жоқ көршілес мемлекеттің азаматтарын анықтаған. Олардың бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтары үшін жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
«Көші-қон заңнамасын қайталап бұзғаны үшін 7 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының шегінен шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға ел аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылады — ол мемлекет пайдасына 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі тиіс», — деп хабарлады ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
ШҚО ПД Көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының аумағында уақытша болатын шетелдік азаматтардың уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асыруына тыйым салынатынын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі