
Мерекелік қызғалдақ па, әлде алаяқтардың тұзағы ма? ШҚО полицейлері ескертеді
Көктемгі мерекелер қарсаңында әлеуметтік желілерде облыс тұрғындары мен қонақтарына қызғалдақтарды төмендетілген бағамен «тиімді» алдын ала тапсырыс беруді ұсынатын алаяқтар белсенділік танытуда.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қаскөйлер әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, гүлдерді «арнайы» мерекелік акциямен сату туралы хабарландырулар жариялайды. Олар міндетті түрде алдын ала төлем жасауды талап етеді, ал ақшаны алғаннан кейін байланысты үзіп, аккаунттарын өшіріп тастайды.
Полиция өкілдері мерекеге дайындық кезінде мұндай деректердің дәстүрлі түрде көбейетінін атап өтті.
Тәртіп сақшылары азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады:
- Тапсырыстарды тек тексерілген сатушылар мен ресми дүкендерден рәсімдеу;
-Аккаунттың ашылған күніне және нақты пікірлердің бар-жоғына назар аудару;
-Бейтаныс тұлғалардың жеке банктік карталарына ақша аудармау;
-Мүмкіндігінше тауар ақысын алған кезде төлеу;
-Алаяқтық қаупін азайту үшін гүлдер мен сыйлықтарды тексерілген сауда нүктелерінен жеке барып сатып алу.
«Сақ болыңыз. Қаражатыңыздың сақталуы көбіне сіздің қырағылығыңыз бен сақтығыңызға байланысты», — деп атап өтті ШҚО Полиция департаменті.
Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, дереу 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласуыңыз қажет.
ШҚО ДП баспасөз қызметі