
«Жұмыс» изолятормен аяқталды: ШҚО-да психотроптық заттарды ораушылар ұсталды
Шығыс Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс шаралары барысында тыйым салынған интернет-дүкеннің «қойма-ораушылары» ретінде әрекет еткен 22 және 23 жастағы екі күдіктіні анықтап, ұстады.
Шұғыл тінту жүргізу кезінде 22 жастағы күдіктіден көк түсті изолентамен оралған ішінде ақ түсті ұнтақ тәрізді заты бар полимерлі пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған зат жалпы салмағы 498,20 грамм болатын «a-PVP» психотроптық заты екені анықталды.
Екінші күдіктінің пәтерінен тәртіп сақшылары ұқсас ұнтақ тәрізді заты бар пластик ыдысты, сондай-ақ буып-түюге арналған заттарды — зип-пакеттерді, оқшаулағыш таспаны, электронды таразыны, магниттерді және респираторды тапты. Сараптама нәтижесіне сәйкес, тәркіленген зат 168,12 грамм салмақтағы «3-хлорметкатинон» психотроптық заты болып шықты.
Тәркіленген психотроптық заттардың жалпы салмағы 600 грамнан асты, ал бұл аса ірі мөлшердегі көрсеткіш.
Белгілі болғандай, күдіктілер Шығыс Қазақстан облысына өзге өңірден келген. Мессенджер арқылы нұсқаулар алып отырған олар жалдамалы пәтерді қойма ретінде пайдаланып, сол жерде тұрып, тыйым салынған заттарды буып-түюмен айналысқан.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ШҚО Полиция департаменті интернет арқылы ұсынылатын күмәнді «жұмыс» ұсыныстарына келіспеу керектігі туралы ескертеді. Мұндай ұсыныстардың артында есірткі бизнесі мен қылмыстық жауапкершілік тұруы мүмкін.
ШҚО ДП баспасөз қызметі