
Маршруттағы қауіпсіздік: ШҚО-да тасымалдаушылардың талаптарды сақтауы тексерілуде
21-24 ақпан аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында «Тасымалдаушы» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар тасымалына тартылған автобустарға ауқымды тексеру жүргізіп жатыр.
Негізгі мақсат — адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін заң бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу. Тексеру барысында автобустардың техникалық жай-күйіне, қажетті рұқсат құжаттарының болуына, сондай-ақ жүргізушілердің жолаушылар көлігін басқаруға рұқсатының заңдылығына ерекше назар аударылады.
Жыл басынан бері 50-ден астам автобус, соның ішінде ұйымдасқан балалар топтарын тасымалдауға арналған көліктер тексерілді. Тексеру нәтижелері бойынша желіге техникалық ақауы бар көлік құралдарын шығаруға жол берген 5 тасымалдаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция ақаулы автобусты пайдалану және қауіпсіздік талаптарын елемеу жолаушылар мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өміріне нақты қауіп төндіретінін ескертеді. Жолаушылар тасымалын бақылау жұмыстары жалғаса береді, ал заң бұзушылар заңға сәйкес жауапқа тартылады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі