
Жол үстіндегі қамқорлық: ШҚО полицейлері қасиетті Рамазан айында жүргізушілерге қолдау көрсетті
Шығыс Қазақстанның Өскемен–Алматы тасжолында полицейлер игі іс жасап, ауызашар уақытын жолда қарсы алған жүргізушілерге қолдау көрсетті. Тәртіп сақшылары ұзақ жол жүріп, күн батқанша үйіне жетіп үлгермеген жандарға қамқорлық танытты.
Ұлан аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының инспекторлары — полиция капитандары Данияр Байбалинов пен Азамат Мұратқалиев, сондай-ақ полиция аға лейтенанты Думан Қадыр қасиетті Рамазан айында азаматтарға шынайы ілтипат білдірді. Ораза ұстаудың маңыздылығын түсінген полицейлер алдын-ала су мен құрма сатып алып, жол үстіндегі көлік иелеріне таратты.
Бұл игі қадам жүргізушілер мен жолаушыларға жол қозғалысы ырғағын бұзбай, көлік тізгінінен алшақтамай-ақ ауызашарларын уақытылы жасауға мүмкіндік берді.
Адамгершілік пен дәстүрге деген құрметтің мұндай үлгісі қатаң қызмет жағдайында да әрқашан қамқорлық пен қарапайым адами жылулыққа орын бар екенін көрсетеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі