
ШҚО-да қолайсыз ауа райы: жолдар ашылғаннан кейін полицейлер 500-ден астам автокөлікті бастап жүрді
Бүгін Шығыс Қазақстан облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты, атап айтқанда қар жауып, көктайғақ болып, көрініс шектелгендіктен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар тасжолдарда қозғалысқа уақытша шектеу қойылды.
Жағдай тұрақталғаннан кейін сағат 17:30-дан бастап жолдар ашылып, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері көлік құралдарын бастап жүруді ұйымдастырды. Полицейлер колонналардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға және жүргізушілерге жолдың күрделі учаскелерінен өтуге көмектесті.
Полицияның бастап жүруімен көліктер келесі бағыттар бойынша өтті:
* Өскемен – Алматы — 91 автокөлік (оның ішінде 53 жүк және 38 жеңіл көлік);
* Өскемен – Шемонаиха (екі бағытта да) — 160-қа жуық автокөлік;
* Өскемен – Алтай — 130-ға жуық автокөлік (оның ішінде 120 жеңіл және 10 жүк көлігі);
* Өскемен – Риддер — 74 автокөлік;
* Өскемен – Семей — 60 автокөлік (оның ішінде 40 жеңіл және 20 жүк көлігі).
Барлығы полиция қызметкерлері 500-ден астам автокөлікті діттеген жеріне жеткізді.
Көліктерді бастап жүру жұмыстары жалғасуда. Полицейлер жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетуге және қолайсыз ауа райында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударуда.
Жүргізушілерге жылдамдық режимін ұстану, арақашықтықты сақтау, жолға шығар алдында ауа райы жағдайын ескеру ұсынылады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі