Аманат: бүгінгі салауатты ауыл – ертеңгі қауіпсіз болашақ

Аманат: бүгінгі салауатты ауыл – ертеңгі қауіпсіз болашақ

Аманат: бүгінгі салауатты ауыл – ертеңгі қауіпсіз болашақ

Шығыс Қазақстан облысында қоғамға үлгі болып отырған 23 ауыл бар. Олардың басын біріктіретін ортақ мақсат – отбасы тыныштығын сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған саналы таңдау. Күршім ауданының Аманат ауылы да «Заң мен тәртіп сақталатын елді мекен» бастамасын қолдап, осы қатарға қосылды.

Жергілікті мәдениет үйінде «Заң үстемдігі — қоғам тұрақтылығының кепілі» атты кездесу өтті. Шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, ауыл тұрғындары, қоғамдық ұйым мүшелері, Ақсақалдар мен Аналар кеңесі қатысты. Талқылау барысында құқықтық тәртіпті нығайту, тұрмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу және алаяқтықтан сақтану мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Нәтижесінде тұрғындар елді мекенді ішімдіктен азат ауылдар тізіміне қосу туралы ұсынысты бірі ауыздан қолдады.

Қатысушылар ішімдіктен бас тарту — бұл тыйым салу емес, қауіпсіздік пен жастарға дұрыс тәрбие беру жолындағы саналы қадам екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Аманат ауылында 213 адам тұрады. Жергілікті орта мектепте 28 оқушы (0–9 сыныптар) білім алуда, сондықтан олар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру — ауыл халқының басты басымдығы.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың басым бөлігі масаң күйде жасалатынын, сондықтан мұндай профилактикалық шаралардың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары бұл бастаманы тұрақты түрде жүзеге асырып, жаңа іс-шаралар мен акциялар өткізуге ниетті. Қоғамның белсенділігі мен құқық қорғау органдарының қолдауы ауылдағы тәртіпті нығайтуға және тұрақты дамуға септігін тигізеді.

 

ШҚО ПД баспасөз қызметі