
Погондағы зияткерлер: Өскеменде күштік құрылым қызметкерлері арасында ең мықты шахматшылар анықталды
Өскеменде шахмат тақталары бір күнге нағыз стратегиялық текетірес алаңына айналды. 15 ақпан күні күштік және құрылымдық орган қызметкерлері арасында жылдам шахматтан Шығыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Бұл дода — «Сенат Кубогі – 2026»
республикалық турнирінің іріктеу кезеңі.
Турнирді Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Арнайы және қызметтік даярлық басқармасы ұйымдастырды.
Шахмат үстелдерінде өңірдің түрлі ведомстволарынан 70-тен астам өкіл — полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, мамандандырылған күзет қызметі және өзге де құрылымдардың қызметкерлері бас қосты.
Жылдам шахмат форматы қатысушылардан барынша жинақылықты талап етті. Әрбір шешім санаулы минуттарда қабылданып, жіберілген қателік партияның тағдырын шешіп жатты. Залда тек шахмат сағатының тықылы ғана естіліп, ерекше тыныштық орнады. Мұндай жағдайда адамның төзімділігі, есепке жүйріктігі мен бірнеше қадам алға ойлау қабілеті сынға түседі.
Шахматтың «стратегтер ойыны» деп аталуы тегін емес. Тақта үстінде маңызды саналатын қасиеттер — сараптамалық ойлау, күйзеліске төзімділік және жағдайды алдын ала болжай білу — күнделікті қызметте де аса қажет.
Шиеленісті өткен бәсеке қорытындысы бойынша ең үздік 20 қатысушы республикалық кезеңде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғауға жолдама алды.
Қызметтегі тәртіп сақшылары арасында жеңімпаз атанғандар:
1-орын — Өскемен қ. ПБ патрульдік полиция батальонының кезекшісі, полиция аға лейтенанты Қажияқперов Нұрболат Талғатұлы;
2-орын — Өскемен қ. ПБ патрульдік полиция батальоны кезекшісінің көмекшісі, старшина Рахымжанов Эмиль Солтанбекұлы;
3-орын — ШҚО ПД Ақпараттық жүйелер басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты Сыздықов Серік Алмасбекұлы.
Бұл чемпионат тек спорттық шара ғана емес, шен таққан азаматтардың бойында күш пен тәртіптен бөлек, жоғары зияткерлік әлеуеттің де бар екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі