
Болашақ тәртіп сақшыларына арналған ерлік сабағы
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай, Ауған соғысының ардагерлері Өскемен қаласындағы №30 орта мектепке барды. Құрметті қонақтар 6-шы «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушыларына арнап мерекелік «Ерлік сабағын» өткізді.
Жас құқық қорғаушылармен кездесуге ішкі істер органдарының ардагерлері әрі Ауған соғысының қатысушылары — Ожиканов Талғат Николаевич пен Думеев Жүсіпхан Айтқалиұлы келді.
Сұхбат барысында ардагерлер болашақ полицейлермен өздерінің жауынгерлік өткен күндері мен көпжылдық қызметтік тәжірибелері туралы сыр шертті. Олар офицерлік намыс, антқа адалдық және Отанға қалтқысыз қызмет ету әрбір тәртіп сақшысы үшін басты қағида екенін баса айтты. Тәжірибелі тәлімгерлер полиция жолы тек мықты физикалық дайындықты ғана емес, ең алдымен қоғам алдындағы жоғары адамгершілік жауапкершілікті талап ететінін атап өтті.
Мамандандырылған «Жас сақшы» сыныбын таңдаған алтыншы сынып оқушылары үшін бұл сабақ тарихтың қаһармандық беттері туралы тікелей куәгерлерден естуге және аға буыннан құнды кеңестер алуға бірегей мүмкіндік болды.
Кездесу соңында ардагерлер оқушыларға жас тәртіп сақшысы деген атқа лайық болуды және заң мен азаматтардың тыныштығын қорғауға міндеттейтін форманы мақтанышпен киіп жүруді тіледі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі