
Дабылға жедел әрекет: Ұлан ауданының полицейлері жоғалған адамды санаулы сағатта тапты
2026 жылғы 14 ақпанда сағат 20:00 шамасында Ұлан аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Қ. Қайсенов кентінің тұрғынынан хабарлама түсті. Анасы 1995 жылы туған ұлының сағат 17:30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып, көмек сұраған.
Өтініш түскен бойда барлық сыртқы жасақтарға бағдар беріліп, іздестіру шаралары дереу қолға алынды. Іздеу жұмыстарын полиция майоры Сұңғат Төлеевтің жетекшілігімен кезекші бөлім үйлестірді. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларын пайдалана отырып, ер адамның қозғалыс бағытын анықтады және ол болуы мүмкін орындарды жедел тексерді.
Учаскелік инспектор, полиция майоры Берік Шомбин мен полиция аға сержанты Жандос Мұқановтың үйлесімді іс-қимылының арқасында жоғалған адамның жүрген жері қысқа мерзімде анықталды.
Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, ол үйіне аман-есен оралды.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті жақындарыңыз хабар-ошарсыз кеткен жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден «102» нөміріне хабарласу маңызды екенін ескертеді. Уақытылы берілген хабарлама іздестіру жұмыстарын жедел ұйымдастыруға және адамның үйіне тезірек оралуына мүмкіндік береді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі