
«Өшпес естелік»: ШҚО Полиция департаментінде Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Шығыс Қазақстан облысында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне арналған іс-шаралар өтті. Еске алу күні Өскемен қаласындағы Славский жағалауында орналасқан Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлер монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Жиналғандар соғыстан қайтпаған боздақтардың рухына тағзым етіп, оларды бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Тағылымды кездесулер Полиция департаментінің мұражайында жалғасын тауып, онда ішкі істер органдарының ардагерлері мен қазіргі қызметкерлер бас қосты. Салтанатты жиынға сол сұрапыл соғыстың отты жолдарынан өткен 17 ІІО ардагері қатысты.
ШҚО ПД жанындағы Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қыдырғазы Баймұратов ардагерлерге көрсетілген ілтипат үшін алғыс айта келе:
«Біз үшін сол бір тарихи оқиғалардың ұмытылмағаны өте маңызды. Полиция департаменті тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау — бұл жай ғана көңіл бөлу емес, бұл жауынгерлік бауырластыққа және өз борышын адал атқарғандарға деген шынайы құрметтің белгісі», — деп атап өтті.
ШҚО ПД хорының концерттік бағдарламасы шараның айбынын асырып, ерекше әсер сыйлады. Сахнада орындалған «Верните память», «Офицеры», «Қазақ полициясы», сондай-ақ «Первым делом самолёты», «Құндыз», «Зелёная фуражка» және «Последний бой» әндері ерлік пен жауынгерлік парызды дәріптеп, бейбіт аспанның қадірін ұғындырғандай болды.
ШҚО Полиция департаменті Ауған соғысы ардагерлері туралы естелікті сақтау — өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мен тарихқа құрметпен қараудың ажырамас бөлігі екенін баса айтады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі