ШҚО Полиция департаментінде қаңтар айының жедел-қызметтік жұмыс қорытындыланды

ШҚО Полиция департаментінде қаңтар айының жедел-қызметтік жұмыс қорытындыланды

ШҚО Полиция департаментінде қаңтар айының жедел-қызметтік жұмыс қорытындыланды

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтың төрағалығымен ағымдағы жылдың қаңтар айындағы жұмыс қорытындысына арналған жедел кеңес өтті.

Жиын барысында қоғамдық қауіпсіздік, әкімшілік полиция және көші-қон қызметі бөліністерінің жедел-қызметтік жұмыс нәтижелері тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Кеңесте 2 наурыздан бастап күшіне енетін «Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы» жаңа Заңға ерекше назар аударылды. Құжаттың негізгі мақсаты — салдармен күресуден гөрі, құқық бұзушылықтың алдын алуға басымдық беру және «Заң мен Тәртіп» қағидатын ілгерілету. Енді алдын алу жұмыстарының орталығы облыс, аудан, аула, мектеп және отбасы деңгейіне ауысады — шешімдер нақты жағдайды ескере отырып, жергілікті жерлерде қабылдануы тиіс. Профилактика субъектілерінің саны 13-тен 26-ға дейін ұлғайтылды. Бұл жұмысқа полициямен қатар денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау органдары, отбасын қолдау орталықтары, қорғаушы органдар, адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, ҮЕҰ, БАҚ, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ ПИК пен МИБ тартылады.

Департамент бастығы жеке құрамға өз сөзінде былай деп атап өтті:

«Полиция — профилактиканың негізгі, бірақ жалғыз субъектісі емес. Мемлекеттік органдардың жұмысына біз бағыт-бағдар беруіміз керек, өйткені қылмыс деңгейі — біздің тиімділігіміздің басты көрсеткіші».

Кеңес қорытындысы бойынша есепте тұрған тұлғалармен алдын алу жұмыстарын күшейту, жалдамалы пәтерлерді тексеру, қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар патрульдеуді және жол қауіпсіздігін күшейту, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою, цифрлық шешімдер мен техникалық құралдарды қолдана отырып, қылмыстарды «ізін суытпай» ашу міндеттелді.


ШҚО ПД баспасөз қызметі