
ШҚО-да қызметтік ит жоғалған баланы табуға көмектесті
Өскеменде полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті мен кинолог маманның кәсібилігінің арқасында жоғалған 11 жасар бала табылды.
Баланың жоғалғаны туралы хабарлама «102» арнасына анасына түскен. Бірінші ауысымда оқитын мектеп оқушысы сабақтан соң үйіне оралмаған және байланысқа шықпаған.
Іздестіру шараларына Өскемен қаласы полиция басқармасы кинологиялық қызмет тобының кіші инспектор-кинологы, полиция кіші сержанты Саят Айтқалиев бірден кірісті. Сармат есімді қызметтік итке баланың жеке заттары иіскететіліп, із кесуге бағытталды.
Тәртіп сақшысының үйлесімді іс-қимылы мен иттің жоғары дайындығының арқасында, небәрі бір сағаттың ішінде мектеп оқушысының жүрген жері анықталды. Ол тұрғын үйледің біріндегі ауладан табылды. Белгілі болғандай, бала сабақтан соң ойынға айналып, уақыттың қалай өткенін байқамай қалған.
Баланың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төнген жоқ, ол ата-анасына аман-есен табыс етілді.
Полиция қызметкерлері баламен және оның заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жеке қауіпсіздік шараларын сақтау және жақындарымен үнемі байланыста болу қажеттілігін ескертті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі