
Есірткі бизнесі: жалған жарнама мен шындық
Өскеменде студенттер үшін ешкім өз еркімен барғысы келмейтін жерде — №73 мекемеде профилактикалық іс-шара өткізілді. Бұл бастаманы ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділерімен бірлесіп жүзеге асырды.
Кездесудің басты мақсаты — есірткінің заңсыз айналымына араласудың шынайы зардаптарын көрнекі түрде көрсету.
Шара барысында қатысушыларға есірткінің тек денсаулықты құртып қоймай, адам тағдырын түбегейлі өзгертетіні түсіндірілді: әлеуметтік байланыстар үзіледі, отбасылар ойрандалады және кәсіби болашағыңа балта шабылады.
Полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі есірткіні өткізу және тарату үшін қарастырылған қатаң жауапкершілік нормаларына тоқталды. Олар «есірткі жасырушы» болып жұмыс істейтіндердің ауыр қылмыспен тең келетін бас бостандығынан айыру жазасын алатынын атап өтті.
Жастарға ерекше әсер еткен сәт — есірткі сатқаны үшін жазасын өтеп жатқан сотталушымен болған ашық диалог. Оның жеке тарихы «оңай олжа» туралы қиялдарға қарсы ең сенімді дәлел болды.
Шығыс Қазақстан облысының полициясы жастармен профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Бұл ретте тікелей диалог пен барынша көрнекі әдістерге басымдық беріледі. Өйткені бостандық — тәуекелге тігетіндей арзан құндылық емес.
ШҚО ПД баспасөз қызметі