
Профилактика және қауіпсіздік - саналы таңдау
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Нұралин Ғазиз Новотроицк орта мектебінің оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – оқушылардың жеке қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын және құқықтық мәдениетін қалыптастыру болды. Әңгіме барысында полиция қызметкері жасөспірімдерге цифрлық кеңістіктегі заманауи қауіп-қатерлер туралы түсінікті әрі қолжетімді тілде жеткізіп, киберқауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін еске салды, сондай-ақ жол жүрісі қағидаларын сақтаудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар күнделікті өмірде заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылық үшін жауапкершілік және ойланбай жасалған әрекеттердің салдарына ерекше назар аударылды. Оқушыларға дұрыс шешім қабылдау мен заңға құрмет көрсету қауіп-қатерлердің алдын алып, жеке қауіпсіздікті сақтауға көмектесетіні түсіндірілді.
Осындай профилактикалық кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жасөспірімдердің өмірлік жағдайларда өздерін сенімді ұстауына және саналы азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі