
Азаматтардың қауіпсіздігі – басты басымдық: ШҚО ПД-да гарнизондық жиын өтті
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Болат Нұрсейітовтің жетекшілігімен жеке құрамның гарнизондық жиыны өтті.
Іс-шара барысында жеке құрамға ағымдағы жылдың 5 ақпаны мен 5 наурызы аралығында өткізілетін «Қоғамдық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелді.
2026 жыл «Заң мен тәртіп — қауіпсіз балалық шақтың кепілі» ұранымен өтуде. Осыған байланысты қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, жол қауіпсіздігіне, ойын-сауық мекемелерін бақылауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің сүйемелдеуінсіз жүру деректерін анықтауға ерекше көңіл бөлінді.
Бөлімше командирлеріне адамдар көп жиналатын орындар мен оған іргелес аумақтарда бақылауды күшейту, жол жүрісі қағидаларын бұзу мен тыйым салынған заттарды алып жүру деректерін анықтау жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде күрделі ауа райы жағдайларын ескеру тапсырылды.
Полиция полковнигі Болат Нұрсейітов жеке құрамға өз сөзінде:
«Сіздерден қызметтік міндеттеріңізді орындауға толық жауапкершілікпен қарауды, қырағы болуды, азаматтармен сыпайы болуды және әрбір құқық бұзушылыққа дер кезінде әрекет етуді сұраймын», — деп атап өтті.
Гарнизондық жиын соңында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындар үшін де, аймақ қонақтары үшін де қауіпсіз өңір болып қалуы тиістігі баса айтылды.
ШҚО ПД баспасөз қызметі