
Есірткі қаупіне бірге қарсы тұрамыз
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде ШҚО ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтың төрағалығымен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Кездесу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Б.Т. Аленовтің жетекшілігімен бейнеконференцбайланыс форматында басталып, онда өңірлік кеңестердің қызмет нәтижелері қаралды. Одан кейін қатысушылар ШҚО ПД жанындағы консультативтік органның жұмыс қорытындыларын талқылап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындады.
Кеңес құрамы азаматтық қоғамның жаңа өкілдерімен толықты. Оның қатарына дінтанушы, ШҚО діни бірлестіктері басшылары клубының жауапты хатшысы Кәдіров Берік Кәдірұлы, ШҚО қоғамның экологиялық даму орталығының жетекшісі Танир Ясса, сондай-ақ «Esbol Qory» қорының есірткіге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша серіктесі, блогер Дәуітбек Арслан Ердәулетұлы қосылды. Жаңа мүшелерге бірлескен жұмыстың басталғанын білдіретін ресми куәліктері табысталды.
Сонымен қатар Кеңес отырысына алғаш рет қатысқан атақты спортшы Ольга Рыпакова жастар арасында салауатты өмір салтының берік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін атап өтті. Оның беделі мен белсенді қоғамдық ұстанымы өңірдегі профилактикалық қызметтің маңызды ресурсына айналуда.
2025 жылдың қорытындыларын шығара отырып, Ерлан Омарбеков Кеңестің үйлестіруімен 40 мыңнан астам адамды қамтыған 50-ден астам профилактикалық және мәдени-спорттық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Оқушылармен, студенттермен және ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде ақпараттық науқандар жүзеге асырылды, қоғамдық бірлестіктермен және пікір көшбасшыларымен өзара іс-қимыл кеңейтілді.
«Есірткі қаупіне қарсы іс-қимыл жасау полицияның, қоғамдық ұйымдардың және белсенді азаматтардың күш-жігерін біріктіргенде ғана мүмкін болады. Профилактика, жастармен ашық диалог және әлеуметтік бастамаларды қолдау – жұмысымыздың негізгі бағыттары болып қала береді», – деді ШҚО ПД бастығы.
Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу Шығыс Қазақстан полициясы үшін басым бағыттардың бірі болып қала бермек, ал қоғаммен ашық өзара іс-қимыл форматы өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр.
ШҚО ПД баспасөз қызметі