
«Қауіпсіз аула»: ШҚО-да қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті
28 қаңтар мен 3 ақпан аралығында Шығыс Қазақстан облысының аумағында қоғамдық орындар мен көшелерде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Іс-шара полиция қызметкерлерінің, қоғамдық ұйымдар мен еріктілердің бірлескен қатысуымен ұйымдастырылды. Негізгі назар тұрғын үйлерді аралау мен ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған азаматтармен мақсатты жұмыс жүргізуге аударылды.
Шара барысында профилактикалық есепте тұрған 6 139-дан астам адам тексерілді. Сот шешімімен 15 адамды алкоголизмнен мәжбүрлі емдеуге жіберу туралы өтініштер қанағаттандырылып, сондай-ақ олардың мінез-құлқына қатысты 52 ерекше талап белгіленді.
Сонымен қатар өңірде салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жұмыс жүйелі түрде жалғасуда. Алкоголь өнімдерін тұтынудан ерікті түрде бас тартқан ауылдық елді мекендердің саны артып келеді. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 24 ауылдық елді мекен осындай шешім қабылдады.
«Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы — қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі