Қуаныш — ішімдіктен бас тартқан берекелі ауыл

Қуаныш — ішімдіктен бас тартқан берекелі ауыл

Қуаныш — ішімдіктен бас тартқан берекелі ауыл

2026 жылғы 2 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Біржан ауылдық округіне қарасты Қуаныш ауылының тұрғындары «Ішімдіксіз ,құқықтық тәртіп орнаған ауыл» республикалық бастамасына қосылу туралы шешім қабылдады. Аталған шешім ауыл тұрғындарының жалпы жиналысында бірауыздан қолдау тапты.

«Алкогольсіз ауыл» тақырыбында өткен кездесу жергілікті мектеп ғимаратында ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, білім беру саласының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Іс-шараға 40-тан астам адам жиналды. Кездесу барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, отбасылық құндылықтарды нығайту және жас ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Жиын қорытындысы бойынша Қуаныш ауылын алкогольсіз елді мекендер қатарына енгізу туралы шешім қабылданды.

Аталған ауыл Зайсан ауданында ресми түрде тіркелген үшінші «салауатты ауыл» атанып отыр. Бұл бастама құқық бұзушылықтардың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, сондай-ақ заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Жиынға қатысушылар алкогольден бас тарту тыйым салу шарасы емес, ауыл тұрғындарының саналы әрі жауапты таңдауы екенін атап өтті. Бұл шешім қоғамдық тұрақтылықты сақтауға, татулық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ балалар мен жастардың мүддесін қорғауға бағытталған.

Қазіргі уақытта Қуаныш ауылында 80-нен астам үйде шамамен 370 адам тұрады. Қабылданған шешім А. Орманбетов атындағы орта мектептің оқушылары мен «Балдаурен» балабақшасының тәрбиеленушілері үшін оң үлгі болып, жастар арасында салауатты өмірлік ұстанымдардың қалыптасуына ықпал етпек.

Бастама ішкі саясат органдары, білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары тарапынан қолдау тапты. Кездесу барысында алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың, соның ішінде отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің әлі де өзекті мәселе екені атап өтіліп, алдын алу жұмыстарының маңыздылығы ерекше көрсетілді.

Ауыл тұрғыны Қасенов Нұрлан Нәбиолдаұлы өз сөзінде бастаманы толық қолдайтынын айтып, жеке үлгі көрсету арқылы салауатты әрі заңға бағынатын өмір салтын қалыптастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ оң тәжірибені өзге елді мекендерге тарату қажеттігін атап өтті.

Бүгінде Қуаныш ауылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ресми түрде «салауатты ауылдар» қатарына қосылған 22-ші елді мекен атанып отыр. Бұл өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

ШҚО ПД баспасөз қызметі