
ШҚО-да полицейлер шетелдік жүк көлігінің жүргізушісіне көмектесті
30 қаңтар күні Өскемен – Семей тасжолының 25-шақырымында жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды.
Көрші елдің азаматы «Volvo» көлігін тоқтатпақ болғанда, ауа райы мен жолдың тайғақтығын ескермей, рульге ие бола алмай қалған. Соның салдарынан ауыр жүк көлігі жол жиегіндегі ойысқа сырғып кеткен.
Оқиға орнына Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жедел жетті. Полицейлер қозғалысты реттеп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жағдайдың күрделенуіне жол бермеу шараларын қабылдады.
31 қаңтар күні көлік құралын көтеру және эвакуациялау жұмыстары барысында автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілген болатын. Полиция қызметкерлері жол жағдайын бақылауды жалғастырып, жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз етті. Жүк көлігін көтеру жұмыстары «ҚазАвтоЖол» АҚ өкілдерінің қатысуымен автокрандар арқылы жүзеге асырылды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендер жоқ. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін аталған тасжол учаскесінде қозғалыс толық көлемде қалпына келтірілді.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, ауа райы мен жол жабынының жағдайын ескеруге, сондай-ақ қала сыртындағы тасжолдарда аса мұқият болуға шақырады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі