
Заң мен тәртіп өзімізден басталады: ШҚО ПД-да гарнизондық жиын өтті
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде департамент бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбековтың жетекшілігімен жеке құрамның гарнизондық жиыны өтті.
Жиын барысында өңірдің бас полицейі облыс аумағында жүргізіліп жатқан «Қауіпсіз аула» және «Парасатты полицей» сияқты жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алудың басым міндеттерін белгіледі.
Жеке құрамға арнаған сөзінде Ерлан Омарбеков полицияның басты миссиясы — азаматтардың өмірін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін баса айтты. Ол халық көп жиналатын орындар мен көңіл көтеру мекемелерінің маңында полиция нарядтарының санын көбейтуді, кез келген заңсыздыққа жедел әрекет етуді, сондай-ақ балалар қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды.
«Қылмыстың алдын алу — бұл азаматтардың тыныштығы мен амандығының кепілі. Біздің жұмысымыз халыққа көрінетіндей, ал әрекетіміз — барынша жедел болуы тиіс. Заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталады», — деді ШҚО ПД бастығы.
Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін мінсіз атқарғаны, сондай-ақ дене шынықтыру және ату даярлығынан жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін 15 қызметкерге «1-сыныпты маман-тәлімгер», «1-сыныпты маман» және «2-сыныпты маман» атты сыныптық біліктіліктері берілді.
Шара соңы салтанатты шерумен аяқталып, полиция қызметкерлері облыс аумағында қоғамдық тәртіпті күзету қызметіне кірісті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі