
«Қауіпсіз аула»: ШҚО-да қарт адамдарға интернет-алаяқтардан қалай сақтану керектігі ескертілді
«Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Негізгі назар әлеуметтік көмек алатын егде жастағы азаматтарға аударылды. Жас ерекшелігі мен тым сенгіштігіне байланысты халықтың дәл осы санаты алаяқтардың қылмыстық әрекеттеріне жиі нысана болады. Тәртіп сақшылары желідегі алдаудың ең көп таралған тәсілдері туралы айтып, қаржылық қауіпсіздік ережелерін еске салды, сондай-ақ жеке мәліметтерді, құпия кодтар мен деректерді бөгде тұлғаларға бермеуге шақырды.
Алдын алу шаралары Өскемен қаласы әкімдігінің «Үлбі» қалалық аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ-мен бірлесіп ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда орталықта 984 адам есепте тұрса, оларға 104 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді. Бірлескен аралау жұмыстары ең аз қорғалған азаматтарды атаулы түрде қамтуға және маңызды ақпаратты олардың үй жағдайында, үйреншікті ортада жеткізуге мүмкіндік берді.
ШҚО Полиция департаменті мұндай профилактикалық шаралар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
ШҚО ПД баспасөз қызметі