
ШҚО Полиция департаментінде 2026 жылға арналған кадр саясатының басым бағыттары айқындалды
2026 жылдың 27 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манаповтың төрағалығымен Жеке құраммен жұмыс басқармасының 2025 жылғы қызмет қорытындысы мен алдағы кезеңге қойылған міндеттерге арналған жедел кеңес өтті.
Кеңес барысында жеке құрамның жинақталу деңгейіне талдау жасалды. Офицерлік құрамды сапалы қалыптастыру өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Қызметкерлерді әлеуметтік қамтамасыз ету, әскери-дәрігерлік комиссияның жұмысы, сондай-ақ ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар идеологиялық жұмыс пен заңдылықты сақтау мәселелері жеке қаралды. Қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейінің артқаны туралы, тәртіпке қойылатын талаптардың өзгеріссіз жоғары екені айтылды.
«Кадр қызметі — полиция құрылымының берік іргетасы. Біз тек кәсіби мамандарды іріктеп қана қоймай, әрбір қызметкер өзін қолдауды сезінетін әрі қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінетін жағдай жасауымыз қажет», — деді Серік Манапов.
Кеңес қорытындысында 2025 жылдың нәтижесі бойынша үздік қызметімен көзге түскен қызметкерлер марапатталды. Оларға ШҚО Полиция департаменті бастығының атынан грамоталар табысталды.
Кездесу нәтижесінде кадрлық үдерістерді цифрландыруға, кандидаттарды іріктеудің ашықтығын арттыруға және жеке құрамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылығын күшейтуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі