Таңдаудан басталатын мамандық: ҚАЕУ-дің 300-ден астам студенті ШҚО полициясымен кездесті

Таңдаудан басталатын мамандық: ҚАЕУ-дің 300-ден астам студенті ШҚО полициясымен кездесті

Таңдаудан басталатын мамандық: ҚАЕУ-дің 300-ден астам студенті ШҚО полициясымен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті мен Қазақстан-Американдық еркін университеті (ҚАЕУ) көптеген жылдар бойы ішкі істер органдарының кадрлық әлеуетін қалыптастыруға және болашақ полиция қызметкерлерінің кәсіби өсуіне бағытталған тұрақты әрі нәтижелі ынтымақтастықты дамытып келеді.

2026 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан-Американдық еркін университетінде заң және педагогика факультеттерінің студенттеріне арналған ауқымды кәсіби бағдар беру іс-шарасы өтті. 300-ден астам білім алушы полиция қызметі және кәсіби даму перспективалары туралы тікелей сала өкілдерінен ақпарат алу мүмкіндігіне ие болды.

Кездесудің негізгі бөлігі интерактивті көрме болды. Онда қазақстандық полицияның қалыптасу кезеңдері, заманауи бейнебақылау жүйелері, криминалистикалық бөлімшелердің жұмысы және қызметтік қару үлгілері таныстырылды. Экспозицияны есірткі қылмысына және интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық бейнематериалдар, сондай-ақ өзін-өзі қорғаудың практикалық тәсілдерінің көрсетілімі толықтырды.

Университеттің акт залында шамамен 150 студенттің қатысуымен мазмұнды ақпараттық-түсіндіру бағдарламасы өтті. Қатысушыларға полиция қызметіне қабылдау тәртібі, «Qyzmet-Police.kz» онлайн-платформасының мүмкіндіктері жан-жақты түсіндіріліп, бейнероликтер мен слайдтар көрсетілді. Сондай-ақ, студенттердің қызығушылығын арттыру мақсатында викторина ұйымдастырылды.

Қатысушылардың алдында сөз сөйлеген ҚАЕУ-дің 2025 жылғы түлектері — криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Хамитов Сұлтан Хамитұлы және Ертіс аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, полиция лейтенанты Кучина Дарья Олеговна ерекше ықыласқа бөленді. Олар өздері де жақында ғана студенттік аудиторияда отырғандарын айтып, кәсіби қалыптасу жолындағы жеке тәжірибелерімен бөлісіп, қызметтегі алғашқы қадамдары туралы айтып берді.

Ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі ретінде 2025 жылы университеттің бес түлегіне ішкі істер органдарына қызметке шақыру сертификаттары табысталған болатын. Бүгінде олардың барлығы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бөлімшелерінде қызмет атқарып, ұрпақтар сабақтастығын және мұндай өзара іс-қимылдың практикалық маңызын дәлелдеп отыр.

Іс-шараның қорытынды бөлігі ретінде ШҚО Полиция департаментінің вокалды-аспаптық ансамблі мен хорының өнер көрсетуі қатысушыларға жылы әрі жарқын әсер сыйлады.



ШҚО ПД баспасөз қызметі